Қазақстандағы сайлау заңнамасына түзетулер енгізілді

Қазақстандағы сайлау заңнамасына түзетулер енгізілді

Ү.ж. 25 мамырда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстандағы сайлау мәселелеріне қатысты заңдарға қол қойды. Заңдарға енгізілген өзгерістерге сәйкес аудандық деңгейдегі қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері тікелей жолмен сайланып, саяси партиялар үшін ҚР Парламенті Мәжілісіне өту шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмендеп, сайлау бюллетендеріне «барлығына қарсымын» деген баған қосылатын болады.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау азаматтардың белсенділігін, жергілікті мемлекеттік органдардың тұрғындардың мұқтаждары мен проблемаларын шешудегі жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Әкім болып ҚР мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес біліктілік талаптарына сай, 25 жасқа толған еліміздің кез келген азаматы сайлана алады.

Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау науқанының мерзімі 30 күнді құрайды.

Саяси партиялардың ҚР Парламенті Мәжілісіне өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету саяси бәсекелестікті дамыту үшін қажет. Сайлау бюллетендеріне «барлығына қарсымын» деген бағанның қосылуы балама пікір алуға, азаматтардың сайлауға құқықтарын қорғауға арналған маңызды шара.

Аталған заңдар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың саяси реформалар пакетіндегі басты бастамаларды іске асыру аясында қабылданып отыр.