
2026 жылғы 31 мамырда Варшавадағы Фредерик Шопен атындағы халықаралық әуежайда Польшаның LOT Polish Airlines әуекомпаниясы жүзеге асыратын Варшава - Алматы - Варшава бағыты бойынша жаңа тікелей әуе рейсінің ресми тұсаукесері өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, іскер топтардың және туристік саланың өкілдері, сондай-ақ LOT әуекомпаниясының басшылығы қатысты.
Тұсаукесер барысында сөз сөйлеген Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің өкілі жаңа бағыттың ашылуы қазақстан-польша ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Тікелей әуе қатынасының іске қосылуы іскерлік және гуманитарлық байланыстарды дамытуға, туристік алмасуларды кеңейтуге, сондай-ақ екі ел азаматтары арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға қосымша мүмкіндік береді.
LOT әуекомпаниясының 2017 жылдан бері Варшава мен Астана арасында тікелей рейстерді табысты орындап келе жатқаны және Қазақстан мен Польша арасындағы тұрақты әуе қатынасын қамтамасыз етіп отырғаны атап өтілді. Қазақстанның ең ірі қаржы, мәдени және туристік орталығы болып саналатын Алматы қаласына жаңа рейстің ашылуы Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын дамытудағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Жаңа бағыттың іске қосылуы Қазақстанның халықаралық көлік байланыстарын дамытуға және еліміздің Еуразия кеңістігіндегі жетекші авиациялық әрі транзиттік торап ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған стратегиялық бағытына да толық сәйкес келеді.
Іс-шараға қатысушылар жаңа бағыт жолаушылар ағынының артуына, іскерлік байланыстардың кеңеюіне және екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал ететініне сенім білдірді. Варшава - Алматы бағыты бойынша рейстер Boeing 737 MAX 8 әуе кемелерімен аптасына төрт рет орындалатын болады.