
2026 жылғы 16 мамырда Варшава қаласында «Өткенді ұмытпаймыз – болашақты бірге құрамыз» ұранымен 1936 жылғы мамырда поляктарды Қазақстанға алғашқы депортациялаудың 90 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараны Репатрианттарға көмек көрсету орталығы, «Польша–Шығыс» ынтымақтастық қоғамы және «Менің Қазақстаным» қауымдастығы ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігінің өкілдері, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми және мәдени ортаның өкілдері, репатрианттар, сондай-ақ қазақ-поляк қарым-қатынастарының тарихына қызығушылық танытқан қонақтар қатысты. Бағдарлама аясында депортацияланған отбасылар ұрпақтарының естеліктері айтылып, мәдени бағдарлама ұсынылды.
Сөз сөйлегендер тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, жаппай қуғын-сүргін жылдары жер аударылған халықтарға қазақ халқы көрсеткен жанашырлық, қамқорлық пен қолдауға ерекше тоқталды.
Қазақстан тарапының өкілдері сол бір ауыр кезеңдер туралы тарихи жады Қазақстан мен Польша халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті одан әрі нығайтудың маңызды негізі екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның ұлтаралық келісімді сақтау, тарихи мұраға құрметпен қарау және шетелдегі отандастарды қолдау мәселелеріне әрдайым айрықша мән беретіні айтылды.