Варшавада қазақстандық жауынгерлерді еске алу рәсімі өтті

Варшавада қазақстандық жауынгерлерді еске алу рәсімі өтті

Варшава, 2026 жылғы 8 мамыр – Варшава қаласындағы Кеңес жауынгерлерінің мемориалдық зират-мавзолейінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай қазақстандық сарбаздардың қабірлеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бұған дейін осындай гүл қою рәсімі Седльце қаласындағы STALAG 366 әскери тұтқындар лагерінің зиратында өтті. Бұл жерде Қазақстан аумағынан әскерге шақырылған сарбаздар жерленген.

Анықтама: Варшавадағы Жвирки және Вигуры көшесінде орналасқан Кеңес жауынгерлерінің мемориалдық зират-мавзолейі 1950 жылы ашылған. Аумағы 19,2 гектарды құрайтын кешенде Варшаваны азат ету кезінде қаза тапқан 22 мың кеңес жауынгері жерленген, олардың қатарында қазақстандықтар да бар. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польша жерінде 27 мың қазақстандық қаза тапқан. Бұл зират Польша аумағындағы кеңес жауынгерлерінің ең ірі жерлеу орны болып саналады. Седльце қаласындағы зиратта Қазақстан аумағынан шақырылған 100-ден астам жауынгер жерленген.