Астанадағы қазақ-поляк бизнес-форумы: іскерлік серіктестіктің нығаюы

Астанадағы қазақ-поляк бизнес-форумы: іскерлік серіктестіктің нығаюы

Астана, 2026 жылғы 9 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 10-отырысы аясында қазақ–поляк бизнес-форумы өтті.

Іс-шара екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталып, оған Қазақстан мен Польшаның жетекші компанияларының 120-дан астам өкілі қатысты.

Қазақстан тарапынан Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов және Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов сөз сөйледі.

Польша тарапынан комиссияның тең төрағасы, Польша Республикасы Экономикалық даму және технологиялар министрінің орынбасары Михал Барановский, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жетекші поляк компанияларының өкілдері қатысты.

Пленарлық отырысты аша отырып, А. Исетов екіжақты қатынастардың тұрақты дамуын атап өтті.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларынан асты. Қазіргі таңда Қазақстанда Polpharma, Selena Group, Rogalik, Suus және Maspex сынды белгілі брендтерді қоса алғанда Польша капиталының қатысуымен 150-ге жуық компания жұмыс істейді», – деді қазақстандық дипломат.

Өз кезегінде М. Барановский форум жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және бірлескен жобаларды іске қосуға қосымша серпін беретініне сенім білдіріп, ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде логистика, көлік, энергетика және агроөнеркәсіптік кешенді атады.

Форум бағдарламасы өнеркәсіптік серіктестік, инвестициялық өзара іс-қимыл және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған екі панельдік сессияны қамтыды. Іс-шара аясында Польша компанияларының таныстырылымдары өтіп, екіжақты B2B кездесулер ұйымдастырылды.

Жалпы, бизнес-форум Астана мен Варшаваның сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.