
Варшава, 2025 жылғы 27 қараша - Қазақстанның Польшадағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев Польшаның «Ортақ тамырлар» дінаралық ынтымақтастық қорының президенті Марек Олендскимен және қордың негізін қалаушы Александр Загилмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар конфессияаралық байланыстарды нығайтудағы Қазақстан-Польша ынтымақтастығының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Осы орайда Қазақстан Елшісі сындарлы диалог үшін тұрақты халықаралық конфессияаралық платформаны қалыптастыруға және дамытуға бағытталған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің маңызды рөлін ерекше атап өтті. Поляк қорының Қазақстандық халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығымен ынтымақтастығы өзара іс-қимылдың жаңа нүктелерін анықтауға және келісілген шешімдерді әзірлеуге ықпал ететіні баса айтылды.
Өз кезегінде польшалық сұхбаттасушылар діндерді, мәдениеттерді және халықтарды жақындастыру мақсатында қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытты. Олар Қордың мақсаты диалогты ілгерілету, білім беруді қолдау, сенім, мәдениет пен ынтымақ келісім мен бірлікке жетелейтін кеңістік құру екенін атап өтті. Осыған байланысты олар мұндай ынтымақтастықтың жемісті әрі сындарлы болатынына сенім білдірді.