
Варшава, 2025 жылғы 28 қазан – Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігінің (WADA) Президенті Витольд Банькамен кездесу өткізді.
Тараптар допингке қарсы халықаралық стандарттарды нығайту саласындағы Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін, сондай-ақ әділ спорт қағидаттарын ілгерілету жөніндегі одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында WADA президенті 2025 жылдың қазан айында Қазақстанға ресми сапармен барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу құрметіне ие болғанын ерекше атап өтті. Қазақстан спортының дамуына қосқан үлесі үшін «Достық» орденін табыстауына байланысты, Витольд Банька өзіне көрсетілген жоғары құрмет үшін шексіз алғысын білдірді.
Ол Қазақстан Президентімен және Туризм және спорт министрімен келіссөздер барысында одан әрі ынтымақтастық перспективалары туралы, оның ішінде WADA Атқарушы комитеті мен Құрылтай кеңесінің отырыстарын 2027 жылы Қазақстанда өткізу туралы ұсыныстардың талқыланғанын атап өтті.
Қазақстан дипломаты WADA мен Қазақстанның құзырлы органдары арасындағы диалогты дамытуға жәрдемдесуге дайын екенін білдіріп, еліміздің спорттағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық бастамаларға қатысуының маңыздылығын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі нығайту және допингке қарсы саладағы бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында сындарлы өзара іс-қимылды, оның ішінде Қазақстанның Варшавадағы елшілігімен тығыз ынтымақтастық арқылы жалғастыру ниетін растады.