
Варшава, 2025 жылғы 24 қазан - Еуропаның ең көне жоғары оқу орындарының бірі – Ягеллон университетінде ү.ж. 23-24 қазан аралығында «XXI ғасырдағы Қазақстан: сын-қатерлер мен келешек» атты халықаралық ғылыми конференциясы орын алды. Іс-шара Қазақстан мен Польшадан келген ғалымдарды, сарапшылар мен студенттерді біріктірді.
Конференция жұмысына сондай-ақ Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері мен Польшаның жетекші ғылыми орталықтарының зерттеушілері қатысты.
Форум барысында Қазақстанның қазіргі даму үдерістері, оның жаһандық күн тәртібіндегі орны, халықаралық ынтымақтастықтың болашағы, сондай-ақ білім мен ғылымның мәдениетаралық өзара түсіністікті нығайтудағы рөлі талқыланды.
Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің өкілдері Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына байланысты биыл ерекше атмосферада атап өтілетін еліміздің басты Ұлттық мерекесі — Республика күні туралы баяндады. Бұл тарихи құжат мемлекеттің серпінді және орнықты дамуына жол ашып, Қазақстан Тәуелсіздігінің негізіне айналғаны атап өтілді.
Сондай-ақ қатысушылардың назарына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауының негізгі бағыттары, елдің болашағын айқындайтын бірқатар стратегиялық басымдықтары таныстырылды. Солардың ішінде саяси жаңғыртуды жалғастыру аясында Парламентті бір палаталы жүйеге көшіру бастамасының «Еститін мемлекет» пен «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын нығайтуға бағытталған демократиялық реформалардың маңызды кезеңі болып табыладығына назар аударылды.
40-тан астам спикер қатысқан көптеген пікірталастар мен тақырыптық панельдер барысында Қазақстанның орнықты даму жолындағы жетістіктері, сондай-ақ Еуропалық ғылыми қоғамдастықтың елдегі қазіргі қоғамдық-саяси процестерге деген қызығушылығының артуы атап өтілді.
Іс-шара аясында Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс мұражайының қолдауымен «Қазақстандағы ашаршылық. Тарихтың белгісіз беттері» атты көрмесі ұйымдастырылды.
Экспозиция ел тарихындағы қасіретті кезеңдерді еске түсіріп және Қазақстан жерінде пана тапқан поляк қоныс аударушыларына көрсетілген қазақ халқының гуманизмі мен бауырмалдығын атап өтті.
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің делегациясы мен Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының жас зерттеушілерінің қатысуы академиялық диалогты нығайтудағы маңызды қадамы болды.
Польша ғалымдары қазақстандық докторанттарға ғылыми кеңес беруге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Конференция Қазақстанға және оның этносаралық қатынастар саласындағы тәжірибесіне деген жоғары қызығушылықты айқын көрсетіп, сондай-ақ Қазақстан мен Польша арасындағы ғылыми дипломатия мен достықтың дамуының көрінісі болды.