Варшава, 2025 жылғы 29 шілде - Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев пен Польша Епископтары конференциясының төрағасы Архиепископ Тадеуш Войданың кездесуі өтті. Сұхбат барысында тараптар ағымдағы халықаралық жағдайды, сондай-ақ өзара мүдделі екіжақты қарым-қатынастардың жекелеген аспектілерін талқылады.
Тараптар соңғы онжылдықтарда Қазақстан мен Польша барлық бағыттарда жемісті екіжақты ынтымақтастықтың айтарлықтай тәжірибесін жинақтағанын, халықаралық ұйымдар аясында өзара сындарлы іс-қимылдың жолға қойылғанын атап өтті.
Қазақстан Елшісі демократияның қазақстандық үлгісінің айрықша ерекшелігі конфессияаралық және ұлтаралық келісімді сақтауға баса мән берілуінде екендігіне назар аударды. Атап айтқанда, жаһандық дінаралық диалогты нығайтуға және рухани дипломатияның дамуына үнемі септігін тигізетін Католиктік шіркеудің қызмет етуі үшін елде барлық жағдай жасалған. Қазіргі жаһандық проблемаларды шешуде Қазақстанда дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне маңызды рөл тиесілі екені атап өтілді.
Өз кезегінде Т.Войда екіжақты байланыстардың нығаюына Қазақстандағы поляк диаспорасы ықпал етіп отырғанын, олар еліміздің тәуелсіздік алуымен ұлттық бірегейлік пен мәдениеттің қайта жаңғыруына қуатты серпін алып, халықтар арасындағы байланыстырушы көпір қызметін атқарып жатқанына ерекше көңіл бөлді.
Тараптар Қазақстан-Польша серіктестігі көп қырлы ынтымақтастықтың барлық салаларында достас халықтардың мүддесі үшін одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.