Вильнюс, 2025 жылғы 15 мамыр – Қазақстан Республикасының Елшісі Тимур Оразаев Литваның ұлттық автокөлік тасымалдаушылары қауымдастығы LINAVA Президенті Эрландас Микенаспен кездесіп, көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында 2024 жылы Қазақстан мен Литва арасындағы автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі 7900 тоннадан асып, 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда үш есе артқаны атап өтілді. Жүктердің негізгі санаттары машиналар, жабдықтар, ауыл шаруашылығы және фармацевтикалық өнімдер, тыңайтқыштар, металл сынықтары болды.
Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Қазақстан ел ішінде және ТХКБ бойында инфрақұрылымды кеңейту мен жаңғыртуға белсенді түрде инвестиция салып жатыр. Атап айтқанда, Ақтау портында контейнерлік хаб, Құрық портында астық терминалы, сондай-ақ AD Ports серіктестігімен «Саржа» көпфункционалды терминалының құрылысы жүріп жатыр (2024 жылы ТХКБ бойымен тасымалдаудың 62%-ға өсуін ескере отырып).
Елші Қазақстанның литвалық логистикалық компаниялармен ынтымақтастыққа қызығушылығын атап өтіп, ТХКБ аясында Қазақстан көлік жобаларын Балтық өңірінің логистикалық инфрақұрылымымен, соның ішінде Клайпеда портымен ұштастыру мүмкіндігін қарастыруда екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысында тараптар Еуропа мен Азия арасындағы тұрақты көлік маршруттарын дамыту үшін екі елдің логистикалық әлеуетін тиімді пайдалануға және іскерлік өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін растады.