Литва парламентшілері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларына қызығушылық танытты

Литва парламентшілері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларына қызығушылық танытты

Вильнюс, 2024 жылғы 26 наурыз – Литва Сеймінде өткен «дөңгелек үстел» аясында түрлі салаларды, соның ішінде мемлекеттік және қоғамдық құрылысты, сот-құқықтық жүйені, экономика мен әлеуметтік секторды қамтитын институционалдық реформаларды жүзеге асыру барысы қарастырылды. Іс-шараға Парламент пен «Достық тобының» басшылығы, түрлі фракциялар мен комитеттердің өкілдері қатысты.

ҚР Елшісі Тимур Оразаев Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаматтардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту шаралары тұрғысында жаңа үкіметтің алдында қойған ағымдағы міндеттері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Көлік-логистикалық мәселелерді шешуге, халықаралық дәліздерді дамыту мен Қазақстандағы сауда-инвестициялық жобаларға ерекше көңіл бөлінді.

Парламентарийлерге Президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінің негізгі тезистері де айтылды. Атап айтқанда, мемлекет басшысының қоғамды жаңғырту, ашық нарықтық экономика, цифрландыру мен жасанды интеллектті ілгерілету жөніндегі көзқарасы ұсынылды.

Сейм вице-спикері Юлиус Сабатаускас заңсыз алынған активтерді қайтару және оларды мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандар салуға пайдалану жөніндегі Қазақстан үкіметінің жұмысын жоғары бағалады.

Сеймнің Денсаулық сақтау комитетінің мүшесі Риманте Шалашевичюте «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасына қызығушылық танытты. Оның аясында 18 жасқа дейінгі барлық қазақстандықтар жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50% алады. Депутаттың пікірінше, мемлекет баспана мәселесін жақсартуға немесе жоғары білім алуға жақсы мүмкіндік беріп отыр.

Депутат Аста Кубиленені әлеуметтік саладағы мемлекеттік басқару жүйесі, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі демографиялық жағдайы қызықтырды. Парламентарий халық санының оң өсімін атап өтіп, бұған басқалармен қатар мемлекеттің әлеуметтік бағдарланған саясаты ықпал етіп отырғандығын айтты.

Екіжақты қарым-қатынаста шешуді қажет ететін міндеттердің қатарында, депутат Ангеле Яковоните Қазақстан азаматтары Литваға тұрақты тұруға көшкен жағдайда олардың зейнетақы жинақтарын қамтамасыз ету механизмін құруды атап өтті.

Кездесу соңында Елші биыл жоспарланған Қазақстан мен Литва ынтымақтастығы аясында, сондай-ақ елімізде өтетін ірі халықаралық іс-шаралар, соның ішінде Астана халықаралық форумы туралы хабардар етті.