Қазақстан мен Литва туризм саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен Литва туризм саласындағы  ынтымақтастықты талқылады

2023 жылғы 30 қаңтарда Вильнюс қаласында туристік қызметтер мен өнімдерді ілгерілету жөніндегі қазақстандық-литвалық Жұмыс тобының үшінші отырысы өтті.

Қазақстан тарапынан Жұмыс тобын мәдениет және спорт Вице-министрі Ержан Еркінбаев, Литва тарапынан экономика және инновациялар вице-министрі Винцас Юргутис басқарды.

Отырыс барысында тараптар Қазақстан мен Литваның туристік әлеуетін ұсынды, сондай-ақ пандемиядан кейінгі кезеңде саланы қолдау және оны ынталандыру бойынша тәжірибе алмасты.

Тараптар екі елдің жұртшылығын Қазақстан мен Литваның көрікті жерлерімен және мүмкіндіктерімен таныстыру саласында неғұрлым үйлесімді бірлескен жұмыс қажеттігін ерекше атап өтті.

Жаңа туристік өнімдер, атап айтқанда, эко және ауылдық туризм, сондай-ақ сауықтыру турлары саласындағы ынтымақтастыққа өзара қызығушылық білдірілді. Осыған байланысты, Е.Еркінбаевтың айтуынша, литвалық қауымдастықтар мен санаторийлердің бай тәжірибесі қазақстандық-литвалық туризм саласындағы өзара іс-қимыл үшін пайдалы болуы мүмкін.

Сапар аясында қазақстандық делегация «Adventur-2023» халықаралық туристік көрмесіне барды, онда туристік салада маманданған литвалық кәсіпкерлермен кездесулер өткізілді.

Көрмеге бару қорытындысы бойынша 2024 жылы «Adventur» көрмесінде «Kazakh Tourism ҰК» АҚ стендін орналастыру туралы келісімге қол жеткізілді.