Қазақстан мен Литва екіжақты ынтымақтастықты арттыруда

Қазақстан мен Литва екіжақты ынтымақтастықты арттыруда

Астана, 2022 жылғы 6 желтоқсан – Қазақстанға ресми сапармен Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис келді.

Сапар барысында литвалық министр ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің басшылығымен кездесті. Литвалық министрінің бағдарламасы Мемлекет басшысымен кездесуді де қамтиды.

6 желтоқсанда ҚР СІМ-де Қазақстан мен Литваның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Мұхтар Тілеуберді мен Габриэлюс Ландсбергистің кездесуі өтті. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Литва ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жөніндегі қадамдарды, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады.

Сұхбаттастар Қазақстан мен Литва арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейі сауда-экономикалық саладағы әлеуетті іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырғанын атап өтті. Осы саладағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды тетігі – Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, оның құрамында автомобиль көлігі және туризм жөніндегі жұмыс топтары өз қызметін атқаруда.

Литва – Қазақстанның Еуропалық одақ елдері арасындағы басты сауда серіктестерінің бірі. 2022 жылдың тоғыз айында екіжақты тауар айналымы 500,4 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе жоғары (242,4 млн АҚШ доллары). Қазақстанда 170-ке жуық литвалық компания бар.

Сондай-ақ, тараптар екі елдің медицина, білім беру, IT-технологиялар және инновациялар саласындағы кооперациясының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. «Lithuanica» литвалық қауымдастығы Қазақстан халқы ассамблеясының белсенді мүшесі болып табылады. Қазақстандағы 7 мыңдық литвалық диаспора «алтын көпір» ретінде елдеріміздің жақындасуы мен дамуына елеулі үлес қосуда.