Литвада Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аталып өтті

Литвада Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аталып өтті

Вильнюс, 2022 жылғы 28 қараша – А.Мицкевич атындағы Вильнюс облыстық кітапханасында Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған салтанатты кеші және литва тілінде қайта басылған «Абай жолы» роман-эпопеясының презентациясы өтті.

Қазақстандық дипломаттар М.Әуезовтің шығармашылығы, ақын-ойшыл Абай Құнанбаевтың өмірі туралы баяндайтын әлемдік әдебиеттің жауһарын жасау тарихы туралы айтып берді. 

Онлайн режимге қатысқан М.Әуезовтің немересі, арабтанушы Зифа-Алуа Әуезова литвалықтардың өскелең ұрпағы енді қазақтың ұлы жазушысының мұрасын ана тілінде тануға мүмкіндік бергені үшін ҚР Елшілігі мен «Жара» баспасына алғысын білдірді.

А.Мицкевич атындағы Вильнюс облыстық кітапханасының директоры Эмилия Банионите «Абай жолы» романының жаңа басылымы 2020 жылы елордалық кітапхана қабырғасында ашылған Абай Құнанбайұлы атындағы оқу залының інжу-маржанына айналатынын атап өтті.

Литвалық баспагер Айдас Жандарис «Абай жолы» романының қайта басылу тарихын еске ала отырып, көрнекті қазақстандық суретші Евгений Сидоркиннің ұлы Вадим Сидоркинге 1960 жылы романның бірінші басылымына арнайы орындалған әйгілі графиканың түпнұсқа иллюстрацияларын кітапта пайдалану мүмкіндігі үшін алғысын білдірді.

Іс-шара аясында Абай Құнанбаевтың өлеңдеріне, оның ішінде литва тіліне аударылған музыкалық шығармалар орындалды.

Сондай-ақ Елшілік дипломаттары қонақтарға биыл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде мерейтойлары тойланып жатқан қазақ халқының екі көрнекті өкілі – Ахмет Байтұрсынов пен Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығы туралы айтып берді.

Кеш соңында қонақтар қазақ әдебиеті, мәдениеті және халқымыздың тарихы туралы көбірек білуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.

 М.Әуезовтің литва тіліндегі «Абай жолы» қайта басылып шыққан роман-эпопеясының және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» повесінің тұңғыш тұсаукесері 2020 жылдың 14 желтоқсанында пандемия жағдайында онлайн режимде өтті. Жарық көрген кітаптар Литваның барлық облыстық және басқа да ірі кітапханаларына сыйға тартылатын болады.