Қазақстан Елшісі Литва өнеркәсіпшілер конфедерациясының басшылығымен кездесу өткізді

Қазақстан Елшісі Литва өнеркәсіпшілер конфедерациясының  басшылығымен кездесу өткізді

Вильнюс, 2022 жылғы 23 маусым – Қазақстан Республикасының Елшісі Виктор Темірбаев Литва өнеркәсіпшілер конфедерациясының (ЛӨК) басшылығымен және Литва-Қазақстан Іскерлік кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді.

Тараптар биылғы 14-15 маусым аралығында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына ЛР Көлік және коммуникация министрі М.Скуодис бастаған Литва бизнес-делегациясының сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша одан әрі практикалық қадамдарды талқылады.

Сонымен қатар, Елші В.Темірбаев литвалық инвестициялардың Қазақстан экономикасына және бірлескен кәсіпорындарды, оның ішінде көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және IT секторларын құрудың перспективалы бағыттарын атап өтті. Дипломаттың айтуынша, мұның барлығы Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Қазақстан халқына Жолдауында айтқан тапсырмаларымен байланысты.

ЛӨК президенті, «BOD Group» компанияның Басқарма төрағасы Видмантас Янулявичус литвалық кәсіпкерлер қазақстандық іскер серіктестермен іскерлік байланыстарды сақтауға және құруға мүдделі екенін атап өтті. Литва тарапы Қазақстанда, бірлескен кәсіпорындар, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері саласында компаниялар құрудың перспективаларын көріп отыр.

Анықтама: Литва өнеркәсіпшілер конфедерациясы литвалық кәсіпкерлердің ең ірі бірлестігі болып табылады. Литва экономикасына оның мүшелерінің жалпы үлесі 40%-дан асады. Конфедерация 51 сауда және 5 аймақтық бірлестіктерді біріктіреді, олардың құрамына 3 мыңнан астам орта және ірі кәсіпорындар кіреді.