Қазақстан мен Литва инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Литва инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

2026 жылғы 27 мамыр, Вильнюс – Қазақстанның Литвадағы Елшісі Тимур Оразаев Литва өнеркәсіпшілер конфедерациясының (LPK) басшылығымен және Қазақстан-Литва Іскерлік кеңесінің литвалық бөлігінің өкілдерімен кездесу өткізді. Кеңес құрамына Литваның ірі көлік-логистикалық компаниялары да кіреді. Олардың қатарында «Girteka Group», «Autopaslauga», «MC Mobility Consultants», «Bunasta», «TL Nika Group», «Vilteda», «TM Trade LT» және басқа да компаниялардың өкілдері болды.

Кездесуге Литва өнеркәсіпшілер конфедерациясының президенті Видмантас Янулявичюс пен Іскерлік кеңестің литвалық бөлігінің төрағасы Ромас Аустинскас қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан мен Литва арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективалары, көлік-логистика саласындағы өзекті мәселелер, өнеркәсіптік кооперация мүмкіндіктері, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы өзара іс-қимыл әлеуеті талқыланды.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) қазіргі даму жағдайына және литвалық бизнестің Еуразиялық көлік байланыстылығы жүйесіне қатысуына ерекше назар аударды. Литва бизнесіне ТХКБ инфрақұрылымын жаңғырту, оның теңіз сегментін кеңейту және көлік рәсімдерін цифрландыру бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді.

Кездесуге қатысушылар соңғы бес жылда ТХКБ арқылы жүк тасымалы көлемінің бес еседен астам өскенін атап өтті. Бұл бағыттың Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты жеткізу тізбектерін қамтамасыз етудегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ халықаралық тасымалдардың практикалық мәселелері мен трансшекаралық сипаттағы түйткілдерді шешу жолдары талқыланды.

В. Янулявичюс литвалық бизнестің Қазақстандағы өнеркәсіптік өңдеу жобаларына, оның ішінде критикалық материалдар саласындағы жобаларға қатысуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін көлік тасымалы мен жүк транзиті саласындағы мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Р. Аустинскас литвалық бизнестің қазақстандық серіктестермен өзара іс-қимылға деген тұрақты қызығушылығын растады. Кездесуге қатысқан литвалық компаниялардың өкілдері сондай-ақ жүк тасымалы динамикасын сақтау және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында үкіметаралық деңгейде қосымша талқылауды талап ететін бірқатар мәселелерді көтерді.

Елшілік қатысушыларға Қазақстандағы өнеркәсіптік өңдеу саласындағы инвестициялық жобалар, оның ішінде критикалық материалдар мен сирек жер металдары бағытындағы жаңа жобалар жөнінде өзекті ақпарат ұсынды. Геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту және өндірістік қуаттарды нығайту жөніндегі мемлекеттік саясат түсіндірілді.

Сонымен қатар Қазақстандағы цифрлық экономиканы дамыту және жасанды интеллекттің рөліне ерекше назар аударылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 млрд АҚШ долларынан асқанын ескере отырып, литвалық бизнеске «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығы аясында бірлескен ынтымақтастық ұсынылды.

Кездесуге қатысушылар талқыланған бағыттар бойынша практикалық ынтымақтастықты жалғастыруға және пікірлер мен ақпарат алмасуды жүйелі түрде дамытуға өзара мүдделілік білдірді.