Литвадағы Қазақстанның Құрметті консулы Йонас Ягминас «Құрмет» орденімен марапатталды

Литвадағы Қазақстанның Құрметті консулы Йонас Ягминас «Құрмет» орденімен марапатталды

 

Вильнюс, 2025 жылғы 27 қараша – Қазақстандағы «Жұмысшы мамандықтар жылы» және Егемендік декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына орай –Қазақстанның Литвадағы Елшілігінде біздің елімізбен және Елшілікпен көпжылдық ынтымақтастық орнатқан литвалық азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.

Марапатталғандардың қатарында – «Құрмет» орденін иеленген Қазақстанның Құрметті консулы Йонас Ягминас. Оның қарапайым колхоз жұмысшысынан Литва үкіметінің мүшесіне дейінгі еңбек жолы әрдайым Қазақстанмен және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықпен тығыз байланысты болды. Тәуелсіздік жылдарында Й. Ягминас Қазақстанның Құрметті консулы ретінде біздің еліміздің мүдделерін Литвада таныстырып, екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.

Сондай-ақ литвалық азаматтар Анатолий Бедняков пен Аида Янкойть және біздің жерлесіміз Роберт Рүстемов – Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіндегі көпжылдық адал еңбегі үшін алғыс хаттармен марапатталды.

Марапаттарды табыстаған Қазақстанның Елшісі Тимур Оразаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдағы сенімді нығайтып, «еститін мемлекет» қағидаттарын іс жүзінде көрсететін адамдардың еңбегін бағалау жөніндегі үндеуі мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысында көрініс табуы тиіс екенін атап өтті.

Іс-шараға Литва Сеймі депутаттары, сондай-ақ қоғамдық және академиялық орта өкілдері қатысты.