Друскининкай қаласында Елшінің бизнес қауымдастығымен кездесуі

Друскининкай қаласында Елшінің бизнес қауымдастығымен кездесуі

Друскининкай, 2025 жылғы 9 қазан – Қазақстанның Литвадағы Елшісі Тимур Оразаев өңірге жасаған жұмыс сапары аясында Друскининкай қаласының бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесті.

Кездесу Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшілігінің бастамасымен, Вильнюс сауда-өнеркәсіп және қолөнер палатасы және Друскининкай қаласының мэриясымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Іс-шараға көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, құрылыс  сияқты түрлі салаларды қамтитын 20-дан астам компанияның басшылары қатысты. Олардың барлығы Қазақстанмен серіктестік қарым-қатынастар орнатуға қызығушылық танытты.

Кездесу барысында Елші қатысушыларға Қазақстан экономикасының дамуының негізгі бағыттары, Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту және шетелдік инвесторларды қолдау жөніндегі шаралары туралы айтып берді, сондай-ақ елдің экономикалық саясатының басымдықтарымен таныстырды. Әсіресе, литвалық компаниялардың Қазақстан аумағындағы нақты инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Елші сондай-ақ 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында халықаралық ынтымақтастық үшін маңызды әлеуеті бар бірқатар басым бағыттарға тоқталды. Атап айтқанда, экономикаға цифрлық технологияларды енгізу, инновацияларды дамыту және бизнес-процестердің ашықтығын қамтамасыз ететін цифрлық мемлекетке көшу мәселелері айтылды.

Кездесуде гуманитарлық және мәдени байланыстардың маңыздылығы атап өтіліп, Қазақстанның туризм әлеуетіне деген қызығушылықтың артып келе жатқаны айтылды. Осыған байланысты литвалық тарапқа қазақ елі туралы литва тіліндегі ақпараттық анықтама ұсынылды.

Сонымен қатар, қатысушыларға тікелей іскерлік байланыстарды ілгерілетуде маңызды рөл атқаратын Қазақстан-Литва іскерлік кеңесінің қызметі туралы ақпарат берілді. 2025 жылғы 1 қазанда Алматыда өткен литвалық бизнес делегациясының сапары, бизнес-форум мен B2B кездесулердің нәтижелері де атап өтілді.

Кездесу қатысушылары экономикалық ынтымақтастықты дамыту және жаңа бірлескен жобаларды іздестіру мақсатында одан әрі байланыстарды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.