Друскининкай, 2025 жылғы 8 қазан – Друскининкай қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Құрметті консул болып литвалық кәсіпкер Римантас Маркаускас тағайындалды. Ол Қазақстан мен Литва арасындағы экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстардың дамуына үлес қосатын болады.
Друскининкай қаласының мэрі Ричардас Малинаускас Құрметті консулдықтың ашылуы қала мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі болатынын және бірлескен бастамаларды іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер тудыратынын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшісі Тимур Уразаев Қазақстан мен Литваны ежелден достық пен өзара құрметке негізделген қатынастар байланыстыратынын, ал консулдықтың ашылуы екіжақты ынтымақтастықты экономика, инвестициялар, туризм, білім беру және мәдениет салаларында жаңа деңгейге көтеруге серпін беретінін атап өтті.
Салтанатты іс-шараға жергілікті билік органдарының өкілдері, іскерлік қауымдастық пен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.