2025 жылғы 17 қыркүйек, Вильнюс – Литва Республикасының Сеймінде «Ядролық қарусыздану және таратпау: Қазақстан жолы» атты фотокөрменің ашылуы өтті. Көрме Қазақстанның антиядролық тарихына және Семей ядролық сынақ полигонының қайғылы мұрасына арналған.
Іс-шараны Қазақстанның Литвадағы Елшілігі Литва Сеймі жанындағы Қазақстанмен достық тобының қолдауымен ұйымдастырды. Ашылу салтанатына парламент депутаттары, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Сөз алған Литва Сеймінің депутаты, Қазақстанмен достық тобының төрағасы Юлиюс Сабатаускас: «Қазақстанның антиядролық қозғалыстағы көшбасшылығы халықаралық қауымдастықтың ерекше назарын аударуға лайық. Біз Астананың «қырғи-қабақ соғыс» пен сталиндік қуғын-сүргін мұрасын еңсеруге, сондай-ақ ядролық сынақтардан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге қосқан үлесін жоғары бағалаймыз», – деді.
Қазақстанның Литвадағы Елшісі Тимур Оразаев Қазақстан бастамаларына қолдау білдіргені үшін литвалық тарапқа алғысын білдіріп, тарихи жадты сақтау және бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ол бұл көрменің – Қазақстан халқы мен табиғаты төлеген зор құрбандықты еске салып, ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы еліміздің адалдығының символы екенін айтты.
Көрмеде Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстардың гуманитарлық және экологиялық салдарын бейнелейтін 20-дан астам фотосурет қойылған. Экспозиция Литва Сеймінің Орталық холлында 22 қыркүйекке дейін ашық болады.