Вильнюс, 2025 жылғы 19 маусым — Литва Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және жыл сайын 31 мамырда атап өтілетін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» медалін табыстау салтанаты өтті.
Ассамблея Төрағасы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бұл жоғары марапат Литва азаматы, Қазақстанда туған профессор, қоғам қайраткері, сәулетші және қуғын-сүргін тақырыбын зерттеуші Альгис Вишнюнаске берілді. Ол Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына және литвалық азаматтар жаза өтеген депортация мен лагерьлер тарихының сақталуына зор үлес қосты.
Салтанатты шараға Литва Сеймі депутаттары, Литва СІМ өкілдері, Қазақстандағы «Литваника» литвалық қауымдастығы мен Литвадағы «Нұрсәуле» қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.
Қазақстан Елшісі Тимур Оразаев марапат иесін құттықтай отырып, Ассамблея медалі – Қазақстанның достарының ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді, тарихи үнқатысуды нығайтуға қосқан үлесін мойындау белгісі екенін атап өтті. Сонымен бірге, 31 мамырда Астанада Мемлекет басшысы айтқан сөздерін еске салды: «Біз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағандардың есімдерін есте сақтауымыз керек… бірақ үнемі өткенмен өмір сүре алмаймыз… Өткен болашаққа және ілгерілеуге кедергі болмауы тиіс».
Профессор А.Вишнюнас өз қызметіне жоғары баға бергені үшін Ассамблея Төрағасына терең алғысын білдірді. Ол «Сібір миссиясы» гуманитарлық экспедициясына қатысқаны мен Қазақстандағы литвалық жер аударылғандардың тарихын зерттеуге арналған ғылыми жобаларға атсалысқанын еске салды.
Литва Сеймі депутаты Эмануэлис Зингерис Қазақстан тарапына тарихи жадыға көрсетілген ұзақ жылғы көмегі мен ортақ қайғылы тарихқа құрметі үшін шынайы алғыс айтты.
Іс-шара барысында профессор 2025 жылы жарық көрген екі жаңа кітабын таныстырды: «Kruvina Kengyro Istorija» («Қанды Кенгір тарихы») және «Alkanoji Stepė» («Аштық даласы»).
Іс-шараға қатысушылар бейбіт болашақ жолында өзара сенімді нығайту мақсатында тығыз ынтымақтастықты жалғастыру ниеттерін растады.