Литвада тоғызқұмалақтан Екінші халықаралық балалар турнирі өтті

Литвада тоғызқұмалақтан Екінші халықаралық балалар турнирі өтті

Вильнюс, 2025 жылғы 27–28 мамыр — Литвадағы Қазақстан Елшілігінің, Литва мен Латвияның тоғызқұмалақ федерацияларының және Вильнюстегі «Сантарос» гимназиясының қолдауымен Вильнюс қаласында қазақтың зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақ бойынша шеберлік сабағы мен Екінші халықаралық балалар турнирі өтті.

2024 жылғы мамырда өткен алғашқы турнир Қазақстан мен Балтық елдері арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа дәстүрінің бастамасы болды.

Литва мен Латвиядан келген 30-дан астам оқушы Вильнюске жиналып, стратегиялық шеберлікте жарысып қана қоймай, 2020 жылы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енген ұлттық ойынмен танысты.

Турнирдің ашылуында тоғызқұмалақ – бұл жай ғана ойын емес, бұл – стратегия, сабыр мен қарсыласқа құрмет сынды қағидаттар тоғысқан халық философиясының бір бөлігі екені атап өтілді. «Бұл ойын – мәдениет пен интеллект тілінде сөйлейтін өзара түсіністік көпірі», – деп атап өтті Елші Т.Оразаев.

Іс-шара аясында Қазақстан Елшілігінің бастамасымен қазақ жазушыларының литва тіліне аударылған кітаптарынан шағын көрме ұйымдастырылды. Оқушылар мен қонақтар қазақ халқының рухани негіздерін ашатын шығармалармен танысты — М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан бастап Е.Тұрсыновтың тарихи «Мәмлүк» романына дейін.

Қазақстан мәдениеті мен тарихымен танысу биылғы жылдың маңызды мерейтойларымен де ерекше мәнге ие: А.Құнанбаевтың 180 жылдығы, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы, композитор Н.Тілендиевтің 100 жылдығы, акын И.Байзақовтың 125 жылдығы, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығы, Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Бұл мерейтойлар еліміздің тарихының түрлі беттерін және қазақтың рухани мұрасының байлығын айқындайды.

Тоғызқұмалақ турнирінің жеңімпаздарына Қазақстанның тоғызқұмалақ федерациясы атынан дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Қазақстан Елшілігі Латвия тоғызқұмалақ федерациясының президенті Л.Азимоваға, Литва тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Р.Жандариенеге, және «Сантарос» гимназиясы әкімшілігіне Балтық елдерінде қазақ зияткерлік мәдениетін дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді.