Вена, 2025 жылғы 2 мамыр – Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Жобаларды басқару жөніндегі басқармасының (UNOPS) Венадағы кеңсесінің жаңадан тағайындалған директоры Симонетта Силигатомен кездесті.
Тараптар Қазақстан Үкіметі мен UNOPS арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. М.Тілеуберді БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша Өңірлік орталық құру туралы қарарды қабылдағаны туралы айтып, Қазақстанда UNOPS өкілдігін ашу туралы шешімді құптады. Тараптар Қазақстандағы UNOPS офисінің құқықтық мәртебесі туралы Келісімге қол қоюды жеделдетуді келісті.
Кездесу барысында Қазақстанға мен Орталық Азия өңіріне қатысты ағымдағы және болашақ жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.