Вена, 2025 жылғы 8 сәуір – Вена қаласында аккредиттелген 11 дипломатиялық миссия қатысқан Наурыз – көктем мен жаңару мерекесі «Society» дипломатиялық журналының бастамасымен салтанатты түрде атап өтілді. Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдері өздерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін көрсетті.
Іс-шара әртүрлі елдердің өкілдерін біріктірген және Наурыз мерекесін атап өтетін халықтардың бай дәстүрін паш еткен ерекше мәдени оқиғаға айналды. Қонақтар халықтық музыка тыңдап, ұлттық тағамдардан дәм татып, аймақтың ерекше рухы мен ұлттық бояуын көрсететін дәстүрлі киімдер мен қолданбалы өнер туындыларымен танысты.
Қазақстан Республикасының Елшісі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде Қазақстандағы Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа форматы – «Наурызнама» жайлы айтты. Оның аясында әр күн ерекше тақырыппен атап өтіледі және қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті мен дәстүрін көрсетеді. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген бұл жоба мерекеге жаңа мән беріп, ұлт бірлігін нығайтуға бағытталған.
Қазақстан стенді келушілердің үлкен қызығушылығын тудырды. Елшілік ұлттық тағамдарды ұсынды және Наурыздың жаңару, үйлесім мен ізгіліктің символы ретіндегі мәнін ашатын экспозиция дайындады. Қатысушылар қазақстандық тарап құрған жылы атмосфераны жоғары бағалап, елдің мәдени құндылықтарымен танысу мүмкіндігіне алғыс білдірді.