Вена, 2025 жылғы 2 сәуір – БҰҰ-ның Вена қ. бөлімшесінде Қазақстан тарапының бастамасымен Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) орындалуына шолу жөніндегі Дайындық комитетінің Үшінші сессиясына дайындық мәселелерін талқылау бойынша семинар өткізілді. Семинар дәстүр бойынша Қазақстан, Аустрия және Швейцария Тұрақты өкілдіктерінің ұйымдастыруымен және белгілі халықаралық сарапшы Тарик Рауфтың модераторлығымен өтті.
Қазақстанның 2024 жылғы Женевадағы ЯҚТШ-ның Екінші сессиясына төрағалық етуі келіссөздер процесінің оң динамикасын қалпына келтіруге ықпал етіп, Дайындық комитетінің алдағы жұмысына тың серпін берді. Екінші сессияның басты нәтижесі ретінде ЯҚТШ-ның орындалу барысы мен үш негізгі тірегінің жүзеге асырылу мәселелерін қамтитын Төрағаның жұмыс құжаты қабылданды.
Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде Қазақстанның ЯҚТШ мақсаттары мен қағидаттарына берік болуын растады. Ол халықаралық қауымдастықты қазіргі геосаяси жағдайдың күрделілігін ескере отырып, конструктивті диалогқа және келіссөздер процесін нығайтуға шақырды.
Семинар барысында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелері де терең талқыланды. ЯҚТШ-ның IV-бабының маңыздылығы, сондай-ақ Қазақстанда орналасқан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің Төмен байытылған уран банкі мен басқа да халықаралық бастамалардың табысты жүзеге асырылуы атап өтілді.
2025 жылғы 28 сәуір мен 9 мамыр аралығында Нью-Йорк қаласында өткізілетін ЯҚТШ Дайындық комитетінің Үшінші сессиясы 2026 жылғы Шолу конференциясына дайындықтың соңғы кезеңі болмақ, және оның нәтижелері әлемдік ядролық қаруды таратпау режимінің болашағын айқындайтын маңызды кезең болады.