
Вена, 2025 жылғы 24 наурыз – әлемге әйгілі Вена қаласының филармониясының Брамс залында көктемнің басты мерекесі – Наурыз мейрамына арналған салтанатты концерт өтті. Қазақстан Республикасының Елшілігі Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырған бұл шараға Аустрияның дипломатиялық корпусы, БАҚ өкілдері, іскерлік және мәдени орталар, сондай-ақ Венада тұратын қазақ диаспорасы мен студенттері қатысты.
Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасының Елшісі Мұхтар Тілеуберді, Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамуратов және Аустриядағы қазақ диаспорасының өкілі Анар Әділбекова Наурыз мейрамының жаңару, бірлік және халықтар достығы символы ретіндегі маңыздылығын атап өтті.
Мерекелік кеште "Mұрaгер" фольклорлық филармониясы мен "Інжу-Маржан" би ансамблінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Олар көрермендерге халық музыкасы мен билерге толы әсерлі бағдарлама ұсынды. Дарынды әртістер дәстүрлі және заманауи қазақ әндері мен күйлерін орындады. Әсіресе, "Торжорға", "Ақ жауын", сондай-ақ халық әндері "Көзінің мөлдірі ай" және "Ой көк" туындылары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Музыканттар бұл шығармаларды ұлттық аспаптар – домбыра, жетіген және қобызда орындап, сонымен қатар атақты аустриялық музыкалық туындыларды өз интерпретациясында ұсынды.
Көктемгі жаңару мен үйлесімділікті бейнелейтін Наурыз мейрамы Қазақстан мен Аустрия арасындағы мәдени диалогтың жарқын үлгісі болып, екі ел халықтарының достық байланыстарын нығайтуға және өзара түсіністікті арттыруға септігін тигізді.