Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық форумына дайындыққа белсенді қатысуда

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық форумына дайындыққа белсенді қатысуда

Вена, 2024 жылғы 30 сәуір - ЕҚЫҰ аймағында цифрлық инновацияларды пайдалана отырып, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, тұрақты даму және климатқа бейімделу мәселелері ЕҚЫҰ Экономикалық-экологиялық форумының Бірінші дайындық кездесуінде талқыланды.

ЕҚЫҰ-дағы Мальта төрағалығының шақыруымен ҚР Елшісі Мұхтар Тілеуберді экономиканың қоршаған ортаға әсер ету салдарын азайту мақсатында сауда және көлік секторларындағы энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға арналған іс-шараның бірінші сессиясында модератор ретінде сөз сөйледі.

Аталған сессияда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп, тұрақты дамуды қамтамасыз ету және жаһандық экономикалық қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұру үшін цифрлық инновацияларды, оның ішінде жасанды интеллектті пайдалану жолдарын талқылады.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид өз сөзінде сауда және көлік дәліздерін, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын жаңғыртуда цифрлық технологияларды пайдалану елдерге азық-түлік жеткізу тізбегіндегі іркілістерге осалдықты төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл тұрғыда Бас хатшы жүктерді тасымалдау уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік беретін Еуропа мен Орталық Азия арасындағы кедендік рәсімдерді жеңілдету мәселесін, бақылау-өткізу пункттерінде цифрлық транзиттік құжаттар мен электрондық кезектерді енгізу арқылы көлік байланыстарын одан әрі дамытуға бағытталған ЕҚЫҰ жобасын атап өтті.

ЕҚЫҰ Экономикалық-экологиялық форумы - Ұйымның экономикалық және экологиялық өлшемі аясындағы негізгі бағыты. Оның мақсаттары қажеттіліктер мен басымдықтарды анықтауды, 57 қатысушы мемлекет арасында тәжірибе алмасуды, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, бизнеспен, ғылыми қоғамдастықпен және азаматтық қоғаммен диалогқа арналған тұғырнаманы қамтамасыз етуді қамтиды. 2024 жылы Бірінші дайындық кездесуінен кейін ағымдағы жылдың 19-20 маусымында Мальтада Екінші дайындық кездесуі жоспарлануда, ал Форумның қорытынды кездесуі 2024 жылдың 12-13 қыркүйегінде Прагада өтеді.

 

"Photo: Micky Kroell/OSCE".