Қазақстан Елшісі Аустрияның Федералдық Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Аустрияның Федералдық Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Вена, 2023 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Елшісі Әлібек Бақаев Хофбург сарайында Аустрия Республикасының Федералдық Президенті Александр Ван дер Белленге сенім грамоталарын тапсырды.

Сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейін өткен кездесу барысында Елші Федералдық Президентке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Қазақстанның Аустриямен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен мән беретінін хабарлады.

Сондай-ақ, Ә. Бақаев Мемлекет басшысы атынан А. Ван дер Белленге 2023 жылғы 8-9 маусымда Қазақстанның елордасында өтетін Астана Халықаралық форумына шақыруды табыс етті.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен, сондай-ақ өзекті сыртқы саясатпен таныстырды.

Өз кезегінде, Федералдық Президент Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаевқа жылы тілектерін жолдап, Қазақстанды Аустрияның маңызды әрі сенімді әріптесі ретінде қарастырып, Венаның тығыз және жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін атап өтті.

Тараптардың өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша екіжақты байланыстарды одан әрі кеңейту мен тереңдетуге өзара мүдделілігі атап өтілді.

Кездесу соңында Аустрия Президенті Елшіні қызметінің ресми басталуымен құттықтап, екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ісіне табыс тіледі.