Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Ә. Бақаевтың Штирия федералды жеріне сапары туралы

Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Ә. Бақаевтың  Штирия федералды жеріне сапары туралы

Грац, 2022 жылғы 20 желтоқсан – Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Әлібек Бақаев Штирия федералды жеріне жұмыс сапары шеңберінде ресми және іскер топ өкілдерімен кездесулер өткізді.

Аталған Аустрияның аймағында металлургия, машина жасау, автомобиль және электроника өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, ғылыми-техникалық инновациялар, телекоммуникациялар, жаңартылатын энергия көздері, тамақ өнеркәсібі, туризм кластерлерін дамытуда үлкен тәжірибе жинақталған.

Штирия басшысы Кристофер Дрекслермен өткен кездесуде тараптар екі мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Ван дер Белленнің ү.ж. қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңдарында, сондай-ақ ағымдағы жылдың желтоқсан айының басында ЕҚЫҰ СІМК аясындағы Сыртқы істер министрлері Мұхтар Тілеуберді мен Александр Шалленбергтің Лодзьде өткен кездесулері бойынша Қазақстан-Аустрия қатынастарына қосымша серпін бергенін атап өтті.

Әңгімелесушілер ынтымақтастық туралы меморандумдар негізінде Штирия мен Шығыс Қазақстан облысы арасындағы, сондай-ақ Алматы мен Грац (Штирияның астанасы) қалалары арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту перспективаларын талқылады.

Өңіраралық ынтымақтастыққа үлкен серпін беру мақсатында тараптар алдағы 2023 жылға арналған бірқатар іс-шараларды талқылады. Олардың қатарында Грац қаласында жоспарланған Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) және Қазақстан-Аустрия Іскерлік кеңесінің кезекті отырыстары кірді.

Штирияның Экономикалық палатасының президенті Йозеф Херкпен кездесуде қазақстандық дипломат ұйымның қызметімен және өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштерімен танысты. Өз кезегінде Ә. Бақаев Қазақстандағы экономикалық реформалар мен шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті. ҮАК және Қазақстан-Аустрия Іскерлік кеңесінің отырыстарын өткізу мүмкіндігі аясында тараптар іс-шараларды сапалы дайындауға үлес қосуға келісті.

Қазақстан Елшісі AVL List GmbH көлік құралдарының қуат берілістерін әзірлеу, модельдеу және сынау жөніндегі әлемдегі ең ірі компанияға сапары барысында кәсіпорынның иесі Хельмут Листпен Қазақстанда көлік құралдарын сертификаттау жобасын жүзеге асыру перспективаларын талқылады. Аустриялық кәсіпкер Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібінің даму қарқынын және қазіргі геосаяси жағдайға байланысты халықаралық бизнестің қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті.

Сапар аясында Ә. Бақаев Штирия жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттерімен кездесіп, ҚР Тәуелсіздік күніне орай Грац қаласында ҚР Құрметті консулы доктор Гюнтер Небельмен ұйымдастырылған ресми қабылдауға қатысты.