Орталық Азия үкіметтік емес ұйымдарының форумында Қазақстанның СІМ жанындағы АӨДА ККО қызметі таныстырылды

Орталық Азия үкіметтік емес ұйымдарының форумында Қазақстанның СІМ жанындағы АӨДА ККО қызметі таныстырылды

«Адами өлшем бойынша диалогтық алаң» консультативтік-кеңесші органының (АӨДА ККО) төрағасы, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Үсен Сүлеймен Орталық Азияның үкіметтік емес ұйымдарының «STEP UP Forum» атты кездесуіне қатысты. Іс-шара шеңберінде өңір мемлекеттерінде азаматтық қоғамды дамыту жолдарына қатысты мазмұнды пікір алмасулар өтті.

7-10 шілде аралығында Алматыда өткен форумды «АРГО» Азаматтық қоғамды дамытудың қауымдастығы және «Өзгерістер үшін инновациялар» Азаматтық қоғамның дамуы жөніндегі жаһандық бастамасы ұйымдастырды. Оның іс-шараларына дәстүрлі алаңда 8 елден 50-ге жуық және онлайн форматта 300-ден астам делегат қатысты.

STEP UP (Solidarity for Transparency, Enabling environment and Partnership – Транспаренттілік, күш беруші қоршаған орта және серіктестік) форумына қатысушылар өз жобаларын іске асыру тәжірибесімен бөлісті, осы саладағы жетекші сарапшылардың ұсыныстарымен танысты және өз елдеріндегі азаматтық қоғам дамуының қазіргі үрдістер мен сын-тегеуріндерді талқылады.

Форумның ашылуында құттықтау сөзімен сөйлеген Ү. Сүлеймен ККО қызметі және оның жұмысының негізгі нәтижелері туралы айтты. «Алаңның басты міндеті – үкімет, парламент және ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен сындарлы талқылау арқылы елдің заңнамасындағы ағаттықтарды жоюға үлес қосу», – деп атап өтті дипломат.

ККО шеңберінде келесі төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс топтары істейді: демократияны дамыту, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, негізгі бостандықтар мен адам құқықтарын қамтамасыз ету, заң шығару қызметі. Жұмыс топтары мен кіші топтардың тұрақты отырыстары кем дегенде екі айда бір рет өткізіледі. Қазіргі кезде ККО құрамына 49 ҮЕҰ кіреді.

Ү. Сүлеймен Орталық Азия елдері азаматтық қоғамды дамытуда күш-жігерін біріктіргендері жөн және мұндай кездесулер белсенді диалог арқылы олардың дамуындағы ортақ мақсаттарды анықтауға көмектесуге арналған деп атап өтті.

Сондай-ақ, форумның ашылуында Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің депутаты және «Юксалиш» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Бобур Бекмуродов, Кюн Хи университетінің профессоры, «Азияның тұрақты дамуы үшін азаматтық қоғам серіктестігінің» (Asia Civil Society Partnership for Sustainable Development – APSD) өңірлік үйлестірушісі «Ансельмо Ли (Корея Республикасы), Моңғолияның тәуелсіз зерттеулер институтының (IRIM) кеңесшісі, «Өзгерістер үшін инновациялар» жаһандық бастамасының басқармасындағы Орталық Азия өкілі Батсугар Цедендамба (Моңғолия) және «АРГО»-ның Өңірлік бағдарламалар жөніндегі директоры Қайша Атаханова (Қазақстан) сөз сөйледі.