Қазақстан мен Аустрия арасындағы консулдық консультациялар туралы

Қазақстан мен Аустрия арасындағы консулдық консультациялар туралы

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 17 маусымы - Консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету шеңберінде екі елдің сыртқы істер және ішкі істер министрліктері әрі дипломатиялық өкілдерінің қатысуымен бейнеконференция арқылы Қазақстан-Аустрия консулдық консультацияларының кездесуі өтті.

Қазақстандық делегацияға Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев, ал  Аустрия тарапына Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі федералды министрлігінің Консулдық кеңсесінің бас директоры Петра Шнебауэр жетекшілік етті.

Келіссөздер барысында 1963 жылғы консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясы шеңберіндегі консулдық өзара әрекеттесуге, көші-қон саласындағы екіжақты заңнамалық базаны кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстанның Еуропалық одақпен визалық режимін оңтайландырудың келешегіне қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды.

Консультациялар қорытындылары бойынша тараптар екі ел арасындағы достық қатынастарды дамыту аясында консулдық қатынастардың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендігін растады.