ҚР СІМ жанындағы «Адами өлшем бойынша диалог алаңы» отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» заңның жобасы талқыланды

ҚР СІМ жанындағы «Адами өлшем бойынша диалог алаңы» отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» заңның жобасы талқыланды

Нұр-Сұлтан, 2021 жыдың 11 наурызы – Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «Адами өлшем бойынша диалог алаңы» Консультативтік-кеңес органының (ККО «АӨДА») кезекті кеңейтілген онлайн-отырысын өткізді.

Іс-шараға Парламент депутаттары, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары және бала құқықтары жөніндегі уәкілдері, Жоғарғы Сот, Конституциялық Кеңес, мүдделі министрліктердің, үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ халықаралық серіктестер – Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы мен Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы, ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ, АҚШ-тың және Канаданың Нұр-Сұлтандағы Елшіліктері, ЮСАИД және «Халықаралық түрме реформасы» ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Отырыстың төрағасы өзінің кіріспе сөзінде қазіргі таңда Қазақстан даму кезеңдерінің біріне аяқ басып отырғандығын, ал «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы реформалар бағдарламасын іске асырудағы азаматтық қоғамның қолдауы мен белсенді ұстанымы табыстың құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті.

Осы орайда Ү. Сүлеймен «Мемлекет басшысы бізден босқа пікірталас өрбітуді және жұмысқа салғырттықпен қарауды емес, алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруда белсенді қолдауды күтіп отыр. Елдің алдағы саяси даму жолына тигізер әсері зор болғандықтан күн тәртібіндегі мәселелер қарапайым емес», – деп атап көрсетті.

Отырысқа қатысушылар «Қоғамдық бақылау туралы» заңның жобасын және қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге қатысты ұсыныстарды талқылады.

Сонымен қатар, отырыс барысында Қазақстан Республикасының мүгедектердің құқықтары туралы Конвенциясын орындау және оның ережелерін заңнамада және іс-жүзінде жүзеге асыру жөніндегі баяндаманы қорғауға дайындығы, сондай-ақ БҰҰ-дың Терроризмге қарсы іс-қимыл жағдайындағы адам құқықтарын ілгерілету қорғау мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысының және Ақшаны жылыстату мен терроризмді қаржыландырумен қаржылық іс-қимылдармен күресу шараларын әзірлеу тобының жаңа ережелері бойынша ұсынымдарын орындау мәселелері қаралды.

Отырыста талқыланған тағы бір маңызды тақырып – Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (омбудсмен) туралы жеке заңды қабылдау қажеттілігі болды.

Күн тәртібіндегі әрбір мәселеге қатысты пікірталастар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бұдан әрі өзара іс-қимылы бойынша нақты ұсыныстардың әзірленуін көздеп, ашық әрі сындарлы сипатқа ие болды.