Қазақстан Елшісі Аустрияның Федералдық Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Аустрияның Федералдық Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Вена, 2021 жылғы 3 наурыз – Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Елшісі Қайрат Омаров Хофбург сарайында Аустрия Республикасының Федералдық Президенті Александр Ван дер Белленге Сенім грамоталарын тапсырды.

Сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейін өткен кездесу барысында Елші Федералдық Президентке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Қазақстанның Аустриямен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен мән беретінін хабарлады.

Елші сұхбаттасушысын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің одан әрі демократияландыруға бағытталған жаңа реформаларымен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану мен оны таратпауды алға жылжытатын беделді жаһандық алаң ретінде Көшбасшылардың ядролық қарусыз әлем үшін жаһандық альянсын құру туралы бастамасымен таныстырды.

Өз кезегінде, Федералдық Президент Қазақстанның Президенті Қ-Ж.Тоқаевқа жылы тілектерін жолдап, Қазақстанды Аустрияның маңызды әрі сенімді әріптесі ретінде қарастырып, Венаның тығыз және жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін атап өтті.

Кездесу соңында Александр Ван дер Беллен Елшіні қызметінің ресми басталуымен құттықтап, екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ісіне табыс тіледі.