Қазақстан мен БҰҰ Ғарыш кеңістігі басқармасы Астанадағы UN-SPIDER өңірлік қолдау кеңсесін құру туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан мен БҰҰ Ғарыш кеңістігі басқармасы Астанадағы  UN-SPIDER өңірлік қолдау кеңсесін құру туралы меморандумға қол қойды

Вена, 2026 жылғы 19 маусым – Вена халықаралық орталығында БҰҰ Ғарыш кеңістігі басқармасы (БҰҰ ҒКБ) мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ арасында Астана қаласында Төтенше жағдайларды басқару және әрекет ету мақсатында ғарыштық ақпаратты пайдалану жөніндегі БҰҰ платформасының (UN-SPIDER) Өңірлік қолдау кеңсесін құру туралы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа БҰҰ ҒКБ директоры Арти Холла-Майни және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Шоқпаров қол қойды.

Меморандумға қол қою Қазақстан мен БҰҰ арасындағы апаттар тәуекелдерін басқару, төтенше жағдайларды мониторингтеу және Орталық Азия мемлекеттерінің табиғи әрі техногендік қауіп-қатерлерге төзімділігін арттыру үшін ғарыштық технологияларды қолдану саласындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды.

Құжатқа сәйкес, UN-SPIDER Өңірлік қолдау кеңсесі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ базасында жұмыс істейтін болады және Жерді қашықтықтан зондтау деректеріне қолжетімділікті кеңейтуге, мамандардың әлеуетін арттыруға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою үшін ғарыштық шешімдерді енгізуге жәрдемдеседі.

Қазақстанда UN-SPIDER Өңірлік қолдау кеңсесін құру 2026 жылғы 16 маусымдағы ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған ұлттық ғарыш саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларға сәйкес келеді.

UN-SPIDER бағдарламасы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес құрылған және барлық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың апаттар қаупін төмендету және төтенше жағдайларға ден қою қызметін қолдау үшін ғарыштық ақпарат пен технологияларға қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.