Қазақстан Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі БҰҰ комиссиясының жұмысына қомақты үлес қосты

Қазақстан Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі БҰҰ комиссиясының жұмысына қомақты үлес қосты

2026 жылғы 8 маусым, Вена – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясының 35-сессиясы барысында Қазақстан Беларусьпен бірлесіп «Қылмыстық әрекеттер жасауға мәжбүрлеу мақсатында жүзеге асырылатын адам саудасына қарсы күрес туралы» қарардың консенсуспен қабылдануын қамтамасыз етті. Бұл құжат адамды қанаудың заманауи түрлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық күш-жігерді нығайтуға қосылған маңызды үлес болды.

Қарар адам саудасының ең жылдам таралып келе жатқан әрі қауіпті түрлерінің бірімен күресуге бағытталған. Мұндай жағдайларда адам саудасының құрбандары ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүддесі үшін қылмыстық әрекеттерге, атап айтқанда, интернет-алаяқтық, есірткі құралдарының заңсыз айналымы, ұрлық, қаржылық қылмыстар және өзге де заңсыз әрекеттер жасауға мәжбүрленеді.

Құжат халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды, осындай қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу тетіктерін жетілдіруді, адам саудасы құрбандарын қорғау, қолдау және оңалту шараларын күшейтуді, сондай-ақ қылмыстық схемаларды ұйымдастырушылар мен пайда көрушілерге қатысты қылмыстық қудалаудың тиімділігін арттыруды көздейді.

Қарар жобасын әзірлеу барысында бірқатар сезімтал әрі қағидатты мәселелер бойынша қарқынды мемлекетаралық консультациялар мен мазмұнды келіссөздер жүргізілді. Келісу үдерісінің күрделілігіне қарамастан, қарар консенсуспен қабылданды. Бұл БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің аталған мәселенің өзектілігін кеңінен мойындайтынын және адам саудасы саласындағы жаңа сын-қатерлерге ұжымдық түрде жауап беру қажеттігін көрсетеді.

Аталған нәтижеге қол жеткізу құжатты дайындаудың барлық кезеңдерінде Қазақстан мен Беларусьтің белсенді әрі сындарлы жұмысының арқасында мүмкін болды. БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары сенімі мен құрметіне ие Қазақстан келіссөздер барысында негізгі үйлестіруші рөл атқарып, теңгерімді тұжырымдарды әзірлеуге және мемлекеттер арасында консенсусқа қол жеткізуге ықпал етті. Өз кезегінде Беларусь қарардың мазмұндық бөлігін әзірлеуге елеулі сараптамалық үлес қосты. Екі елдің бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде халықаралық қоғамдастық сұранысына толық жауап беретін, Комиссия қызметінің халықаралық-құқықтық негіздері мен практикалық тетіктерін одан әрі нығайтуға бағытталған құжат әзірленді.

Қарардың қабылдануы Қазақстанның БҰҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігін және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске, адам құқықтарын қорғауға және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған халықаралық бастамаларды ілгерілетудегі дәйекті рөлін тағы да растады.