Қазақстан Венадағы БҰҰ алаңында қылмыстың алдын алудың заманауи тәсілдерін ілгерілетуде

Қазақстан Венадағы БҰҰ алаңында қылмыстың алдын алудың заманауи тәсілдерін ілгерілетуде

2026 жылғы 8 маусым, Вена – Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі саласындағы халықаралық саясатты қалыптастыруға жауапты БҰҰ жүйесінің Венадағы басты органы – Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссияның 35-сессиясы өз жұмысын аяқтады.

Сессия барысында мүше-мемлекеттер халықаралық қауіпсіздік саласындағы өзекті сын-қатерлерді, оның ішінде трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, кибер-қылмысқа, адам саудасына қарсы іс-қимылды, сондай-ақ қылмыстық желілердің жаңа технологияларын пайдалану мәселелерін талқылады.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктері, сондай-ақ Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі өкілдерінен құралған қазақстандық делегация қатысты.

Қазақстан атынан ұлттық мәлімдемемен ҚР Бас Прокурорының орынбасары Асхат Жұмағали сөз сөйлеп, қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ БҰҰ әмбебап халықаралық-құқықтық құралдары шеңберіндегі міндеттемелерді дәйекті түрде орындауға елдің бейілділігін растады.

Қазақстанда заң үстемдігін нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға және қылмыстың алдын алудың заманауи тәсілдерін енгізуге бағытталған реформаларға ерекше назар аударылды.

Сессия аясында қазақстандық делегация БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлесіп «Жазалаушы пенитенциарлық жүйеден оңалтуға қарай: Еуропа мен Орталық Азия тәжірибесі» тақырыбында тақырыптық сайд-ивент ұйымдастырды. ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Рыспаев халықаралық стандарттарға сәйкес қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту, оңалтуға бағытталған тәсілдерді енгізу және сотталғандарды қайта әлеуметтендіру тетіктерін жетілдіру жөніндегі Қазақстанның тәжірибесін таныстырды.

Сонымен қатар, Қазақстан Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының (ЦАРИКЦ) «Есірткінің заңсыз айналымы мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылдағы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар» тақырыбындағы сайд-ивентінің тең ұйымдастырушысы болды. Іс-шараны ашып, ҚР Бас Прокурорының орынбасары Асхат Жұмағали трансұлттық қылмысқа қарсы күресте заманауи технологиялар мен халықаралық әріптестіктің рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстанның есірткі қылмыстарын анықтау мен жолын кесуде цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект құралдарын қолдану саласындағы практикалық тәжірибесін ҚР Бас прокуратурасының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметінің бастығы Ә.Нұрбеков таныстырды. Қатысушылар есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте, қылмыстық топтардың қаржылық ағындарын бақылауда және құқық қорғау органдары арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалану перспективаларын талқылады.

Қазақстанның Комиссия жұмысына қатысуы елдің қылмыстың алдын алу саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды нығайтуға, қылмыстық сот төрелігі бойынша заманауи әрі халықаралық тәжірибеге негізделген тәсілдерді ілгерілетуге, сондай-ақ жаңа криминалдық қатерлерге қарсы инновациялық құралдарды дамытуға бейілділігін растады.