
Вена, 2026 жылғы 10 мамыр — Қазақстан Республикасының Аустриядағы Елшілігі бұрынғы концлагерь — Маутхаузен мемориалдық кешенінің азат етілуіне және нацизм құрбандарын еске алуға арналған еске алу іс-шараларына қатысты.
Салтанатты рәсім Екінші дүниежүзілік соғыс қасіретінің ең ірі символдарының бірі әрі фашистік режимнің ондаған мың құрбандарының естелігі сақталған орын болып табылатын Маутхаузен мемориалдық кешенінің аумағында өтті. Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, Аустрия басшылығы, халықаралық ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ лагерьдің бұрынғы тұтқындарының туыстары қатысты.
Қазақстан тарапының еске алу іс-шараларына қатысуы нацистік лагерьлер жағдайында фашизмге қарсы күресте ерлік, рух күші мен қайсарлық танытқан Қазақстаннан шыққан батырлардың рухына деген терең құрмет пен тағзымның белгісі болды.
Маутхаузен мемориалдық кешенінің аумағында нацистік лагерьлердің құрбаны болған қазақстандықтарды еске алуға арналған Қазақстандық мемориалдық тақтаға гүл шоқтары қойылды.
Олардың ерлігі Қазақстан халқының тарихи жадында ажырамас орын алады, ал мемориалдық тақта Қазақстан халқының бостандық пен бейбітшілік жолындағы ортақ күреске қосқан үлесін бейнелейді.