Наурыз мерекесі Вена филармониясында аталып өтті

Наурыз мерекесі Вена филармониясында аталып өтті

Вена, 2026 жылғы 24 сәуір – Әлемге әйгілі Вена филармониясының Брамс залында көктемнің басты мерекесі – Наурыз мейрамына арналған салтанатты концерт өтті. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Аустриядағы Елшілігі ұйымдастырған мерекелік іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Аустрияның іскерлік және мәдени топтары, сондай-ақ Венада тұратын қазақ диаспорасының мүшелері мен студенттер қатысты.

Мерекелік кештің сәнін «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және опера әншілері Нұржамал Үсенбаева мен Әйгүл Шамшиденованың өнер көрсетуі кіргізді. Олар көрермендерге халық музыкасы мен әндерге толы әсерлі де жарқын бағдарлама ұсынды.

Дарынды өнерпаздардың орындауында дәстүрлі және заманауи қазақ әндері мен күйлері шырқалды. Көрермендердің ерекше ықыласына Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Қаражорға», «Алматым жүрегімде» шығармалары, сондай-ақ Аустрия, Франция, Германия және Венгрия халық әндерінен құралған попурри ие болды. Музыканттар бұл туындыларды ұлттық аспаптар – домбыра, жетіген және қобыздың сүйемелдеуімен орындап, қонақтарды әйгілі австриялық музыкалық шығармалардың ерекше интерпретацияларымен де қуантты.

Көктемгі жаңару мен үйлесімділіктің символы саналатын Наурыз мейрамы Қазақстан мен Австрия арасындағы мәдени диалогтың жарқын үлгісіне айналып, екі ел халықтары арасындағы достық байланыстар мен өзара түсіністікті одан әрі нығайтуға ықпал етті.