
Вена, 2026 жылғы 1 сәуір – Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді Аустрияның іскерлік топтары ұйымдастырған бизнес-ланчқа қатысты. Іс-шара көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және Аустрия–Қазақстан өзара байланыстылық платформасын (АҚБП) іске қосуға арналды.
Өз сөзінде М.Тілеуберді Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, мультимодальды тасымалдар мен жасыл логистика саласында заманауи шешімдерді енгізуге ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Қатысушыларға Орта дәліздің тиімділігін арттыруға және оның Еуразия өңіріндегі транзиттік рөлін күшейтуге бағытталған Қазақстанның бастамалары таныстырылды.
Елші сондай-ақ қатысушыларды республикалық референдумның қорытындылары және Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының қабылдануы туралы хабардар етті. Ол Президент Қ.Тоқаев жүргізіп жатқан институционалдық реформалардың мемлекеттік институттардың есептілігін арттыруға және елде неғұрлым ашық инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Іс-шараның құрметті қонағы ретінде Аустрия Парламентінің Ұлттық кеңесінің Екінші президенті Петер Хаубнер сөз сөйледі. Ол 2025 жылғы қарашада өкілді бизнес-делегациямен Астанаға жасаған сапарының қорытындыларын атап өтті. Сондай-ақ, аустриялық тараптың ынтымақтастықты кеңейтуге, әсіресе тұрақты инфрақұрылым, логистика, цифрландыру және энергетика салаларында қызығушылық танытатынын растады.
Іс-шара барысында Төменгі Аустрия федералдық жеріндегі ҚР Құрметті консулы Александр Ширхубер Қазақстанның көлік саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына егжей-тегжейлі шолу ұсынды. Ол елдің жоғары транзиттік әлеуетін және Еуропа мен Азияны байланыстыратын еуразиялық көлік дәліздерінің негізгі буыны ретіндегі рөлін атап өтті. Оның айтуынша, А ҚБП-ны іске қосу бірлескен инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды әзірлеу мен іске асырудың практикалық тетігі болмақ.