
2026 жылғы 23 наурыз, Грац қаласы— Қазақстан Республикасының Аустриядағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия Елшілері делегациясының құрамында халық саны бойынша Альпі Республикасының екінші қаласы және Штирия федералды жерінің астанасы Грац қаласына іссапармен барды.
Сапар барысында Штирия федералды штатының губернаторы Марио Кунасекпен, Штирия халықаралық ынтымақтастық орталығының басқарушы директоры Карл Хартлебпен кездесулер өтті. Сонымен қатар, дипломаттар Грац қаласының Өнер университетіне барып, «The eee group GmbH» цифрлық білім беру және электрондық шешімдерге маманданған жетекші аустриялық технологиялық және консалтингтік компанияның, сондай-ақ «ZETA GmbH» фармацевтикалық және биотехнологиялық салаларындағы ірі аустриялық инжинирингтік компания зауытының қызметімен танысты.
Штирия губернаторымен кездесу барысында ҚР Аустриядағы Елшісі елімізде жүргізіліп жатқан реформалар, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы, сондай-ақ Құрылтайға алдағы сайлау туралы хабардар етті. Сонымен қатар, Елші сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуын қоса алғанда, Қазақстан мен Аустрия арасындағы екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті. 2023 жылдың сәуір айында Грац қаласында Экономикалық, ауыл шаруашылығы, экологиялық, техникалық, өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының он бірінші отырысы, сондай-ақ Қазақстан-Аустрия бизнес-форумы өтіп, оның барысында ҚР инвестициялық әлеуеті таныстырылғанын атап өтілді. Тараптар Шығыс Қазақстан облысы мен Штирия федералды жері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның бар екендігіне назар аударды.
Штирия федералды жерінің губернаторымен кездесуге Қазақстан Республикасының Штирия және Бургенланд Федералды жерлерінің құрметті консулы Гюнтер Небель де қатысты.