Қазақстанның есірткі қылмысына қарсы күресте цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесі БҰҰ алаңында таныстырылды

Қазақстанның есірткі қылмысына қарсы күресте цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесі БҰҰ алаңында таныстырылды

 

Вена, 2026 жылғы 11 наурыз - БҰҰ Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясының 69-сессиясы аясында Қазақстан делегациясы «Цифрлық қалқан: заңсыз есірткі айналымы мен қылмыстық табыстарды жылыстатуды анықтауда инновациялық технологиялардың рөлі» тақырыбында сайд-ивент ұйымдастырды. Іс-шараның бірлескен ұйымдастырушылары БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Орталық Азиядағы есірткінің таралуының алдын алу бағдарламасы (CADAP) және Мемлекеттік әкімшіліктерді интернационалдандыру қоры (FIAP) болды.

Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді сайд-ивенттің ашылуында есірткі қатеріне қарсы күресте халықаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға заңсыз ағындарды тиімді анықтап, қылмыстық желілердің қызметін тоқтатуға мүмкіндік беретін «Цифрлық қалқанға» айнала алады.

Іс-шараның негізгі спикерлері ретінде БҰҰ ЕҚБ өңірлік өкілі Оливер Штольпе, ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Алексей Рогов және FIAP Бас хатшысы Тобиас Юнг Альтрогге сөз сөйледі.

Сайд-ивент барысында ҚР Бас прокуратурасының, Ішкі істер министрлігінің және Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері есірткіге бақылау жүйесін цифрлық трансформациялау үдерісі, құқық қорғау органдарының қызметіне заманауи технологиялық шешімдерді енгізу туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, елде наркоқылмыспен күрес бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар кешені, виртуалды активтерді пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарды анықтау тәсілдері, оның ішінде күмәнді транзакцияларды бақылау және заманауи аналитикалық жүйелерді қолдану туралы айтылды.

Іс-шарада азаматтық қоғамның наркоқылмыстың алдын алуға қосатын маңызды үлесі де атап өтілді. Атап айтқанда, мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылының есірткіге қарсы күрестегі кешенді тәсілді қалыптастырудағы рөлі туралы «Hak Nazar» және «Esbol Qory» қоғамдық қорларының өкілдері баяндап өтті.

Іс-шараға мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, сарапшылар қауымдастығы және азаматтық сектор өкілдерінен екі жүзден астам тыңдаушы қатысты. Пікірталас қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, тақырыптың өзектілігін және осы саладағы ынтымақтастықты нығайтудың қажеттілігін тағы да растады.