Қазақстан Венадағы БҰҰ сессиясында есірткі қылмысына қарсы күрес тәжірибесін таныстыруда

Қазақстан Венадағы БҰҰ сессиясында есірткі қылмысына қарсы күрес тәжірибесін таныстыруда

2026 жылғы 9-13 наурыз, Вена - Қазақстан делегациясы БҰҰ Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясының 69-сессиясына қатысуда.

Комиссия - БҰҰ жүйесіндегі есірткілерді бақылау саласындағы халықаралық саясатты қалыптастыру бойынша негізгі орган болып табылады. Жыл сайын оның жұмысына мемлекеттердің делегациялары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, ғылыми қауымдастық және азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысады.

Қазақстан делегациясының құрамына Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, ҚР Венадағы Тұрақты өкілдігінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді.

Іс-шара барысында сессия қатысушыларына бейнеүндеу арқылы Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов сөз сөйледі. Ол Қазақстанның есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі БҰҰ халықаралық конвенцияларының мақсаттары мен қағидаттарына адалдығын растап, есірткі қатеріне қарсы күресте әлемдік қоғамдастық күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл азаматтардың қауіпсіздігін, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі екені атап өтілді. Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік бағыттардың тоғысқан жерінде орналасқан және каннабис табиғи түрде өсетін кең аумақтарға ие Қазақстан есірткінің заңсыз айналымына қарсы кешенді күреске ерекше назар аударады.

Өз сөзінде Б.Асылов Қазақстанда барлық құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіру нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін тоқтатуға, есірткі зертханаларын жоюға және есірткі тасымалы арналарының жолын кесуге бағытталған тиімді шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ заңсыз айналымнан есірткінің ірі партиялары мен есірткі бизнесіне тиесілі қаржылық активтер, соның ішінде ақшалай қаражат пен криптовалюта тәркіленіп жатқаны айтылды.

Қазақстандық спикер трансұлттық есірткі қылмысына қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың ерекше рөлін де атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Есірткі құралдары жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде жаһандық есірткі бақылау жүйесін нығайтуға және жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін заманауи технологияларды енгізуге бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін растады.

Комиссия сессиясы аясында Қазақстан тарапынан цифрлық технологияларды пайдалану арқылы есірткі саудасын анықтау және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдеріне арналған арнайы сайд-ивент өткізіледі.