
Вена, 2025 жылғы 22 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің бастамасымен Қазақстан делегациясының Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігімен (АЭХА) үйлестіру кездесуіне қатысу үшін сапары өткізілді.
Делегация құрамына ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, сондай-ақ Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының (ҰҒОО) өкілдері кірді.
АЭХА Бас директорының орынбасары Хуа Лиумен өткен кездесу барысында Қазақстан мен Агенттік арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары, оның ішінде АЭХА-ның техникалық ынтымақтастық бағдарламасы аясындағы өзара іс-қимыл жоспарлары талқыланды. Қазақстан тарапы қауіпсіз атом энергетикасын дамыту, ядролық және радиациялық реттеудің ұлттық жүйесін нығайту, адами капиталды дамыту, ядролық технологияларды медицинада қолдануды кеңейту және басқа да басым бағыттарды қамтитын ынтымақтастықтың Жол картасы жобасын ұсынды.
АЭХА-ның Адам денсаулығын қорғау департаменті басшылығымен өткен кездесуде Қазақстанда ядролық медицинаны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. ҰҒОО-ның жоғары ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетін ескере отырып, тараптар АЭХА-ның аясында өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және Орталық Азия елдеріне қолдау көрсету мүмкіндіктерін талқылады.
Сапар қорытындысы бойынша өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша ұсынымдар әзірленіп, Агенттікпен ынтымақтастық шеңберіндегі келесі кездесулерді өткізу жоспарлары келісілді.