Вена, 2025 жылғы 21 қараша – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) Басқарушылар кеңесінің сессиясында Қазақстанның АЭХА Қиыр Шығыс өңірлік тобына ресми түрде қосылғаны туралы жарияланды.
Бұл шешім Агенттік басқаруындағы барлық үдерістерге Қазақстанның толыққанды және тең құқылы қатысуын қамтамасыз ететін маңызды дипломатиялық жетістік болды.
Қазақстан Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Филиппин, Вьетнам, Моңғолия және Камбоджамен қатар АЭХА-ның «Қиыр Шығыс» өңірлік тобына кірген сегізінші мемлекет атанды. Топқа кіру жөніндегі көпжылдық келіссөздер 2009 жылдан бері Астана, Вена, Женева, Нью-Йорк және өңірлік топқа қатысушы мемлекеттердің астаналарында жүргізілген.
Көп жылдар бойы Қазақстан АЭХА-ға мүше болғанымен, ешбір өңірлік топқа кірмейтін 17 мемлекеттің қатарында қалып, бұл елдің негізгі басшылық құрылымдарға қатысуын айтарлықтай шектеді.
АЭХА-ның қалыптасқан тәжірибесіне сәйкес, өңірлік топтарға кірмейтін мемлекеттер Басқарушылар кеңесіне тең дәрежеде сайлануға, Бас конференция мен Басқарушылар кеңесінің басшылық лауазымдарына кандидаттарды ұсынуға, негізгі комитеттердің жұмысына және Агенттіктің маңызды шешімдерін қалыптастыратын өңірлік консультацияларға толыққанды қатысуға мүмкіндіктері шектелген.
2021 жылдан бастап Қазақстан АЭХА мүше-мемлекеттерінің егеменді теңдігін қалпына келтіру бастамасын көпжақты алаңдарда дәйекті түрде алға тартып, бұл мәселеге қатысты тармақты Басқарушылар кеңесі мен Бас конференция күн тәртібіне тұрақты түрде енгізіп отырды. 2023 жылы АЭХА Бас конференциясы қарарының қабылдануы және «Достар тобының» құрылуы Агенттік ішіндегі теңсіздік пен дисбалансты жою процесіне айтарлықтай серпін берді. Нәтижесінде өңірлік топтарға кірмейтін мемлекеттер саны 17-ден 12-ге дейін азайды.
Ядролық қарусыздану мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстанның үлгілі тәжірибесіне қарамастан, АЭХА басшылық органдарындағы өкілдікті шектеулерге ұзақ уақыт бойы тап келді. Сондықтан Қазақстанның Қиыр Шығыс өңірлік тобына қосылуы егеменді теңдік қағидатын қалпына келтіруге бағытталған тарихи қадам болды және бұл Агенттік Жарғысына, сондай-ақ Қазақстан бастамашы болған 2023 жылғы 29 қыркүйектегі GC(67)/RES/15 Бас конференция қарарына толық сәйкес келеді.
Өңірлік топқа қосылу Қазақстанға АЭХА-да шешім қабылдау үдерістеріне толыққанды және тең құқылы қатысу жол ашады. Бұл ұлттық атом энергетикасын дамыту және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін ерекше маңызды.
Қазақстан барлық мүше-мемлекеттердің АЭХА жұмысына толыққанды және тең қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.