Қазақстан ядролық державалар арасындағы диалогты қайта жаңғыртуға шақырды

Қазақстан ядролық державалар арасындағы  диалогты қайта жаңғыртуға шақырды

2025 жылғы 10 қараша, Вена – Қазақстан делегациясы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) Дайындық комитетінің 65-сессиясына қатысты.

ҚР Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде жаһандық геосаяси шиеленістің артуы аясында әскери риториканың күшеюі мен ядролық сынақтарды қайта жаңғырту белгілеріне алаңдаушылық білдірді. Елші ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу мақсатын дәйекті түрде қолдайтын мемлекет ретінде, Қазақстан ядролық сынақтардың қайта жандануына бағытталған кез келген қадамды халықаралық тұрақтылыққа төнген елеулі қауіп және жаңа қарулану жарысын тудыруы мүмкін фактор ретінде қарастыратынын атап өтті.

Осыған байланысты Қазақстан Елшісі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты тез арада қайта бастау жөніндегі үндеуді еске салды. Қазақстан мұндай келіссөздерді ұйымдастыру мен өткізуге жәрдем көрсетуге дайын екендігін хабарлады.

Ядролық сынақтардан тікелей зардап шеккен мемлекет ретінде Қазақстан зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру бағытындағы ұстанымды дәйекті қолдап келеді. Осы тұрғыда Елші Қазақстанның Кирибатимен бірлесе отырып, ядролық қаруды қолдану немесе сынақтардың салдарын еңсеру туралы тарихи маңызы бар БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын ұсынғанын атап өтті. Бұл қарар БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-сессиясының Бірінші комитетінде қабылданды.

Қазақстан бұл ортақ күш-жігердің кең халықаралық қолдауға ие болатынына және ядролық әділдікке қол жеткізуге, сондай-ақ ядролық қарудан азат және қауіпсіз әлем құруға серпін беретініне сенімді.

Ағымдағы ЯСЖТСШ Дайындық комитетінің сессиясы аясында ұйымның жыл сайынғы бюджеті мен Шарттың верификация режимінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған өзге де маңызды шешімдер қабылдануы күтілуде.