Вена, 2025 жылғы 23 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Венадағы Халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы Бағдарламалар офисінің жаңа басшысы Алексей Роговпен кездесті.
Елші М.Тілеуберді А.Роговты жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, Бағдарламалар офисінің Қазақстанға ЕҚЫҰ-ның міндеттемелерін іске асыруына көмектесудегі, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құруға бағытталған реформалары мен бастамаларын қолдаудағы жұмысын жоғары бағалады.
Өз кезегінде А.Рогов қабылдаушы елдің басымдықтары мен мүдделерін ескере отырып, ЕҚЫҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Орталық Азиядағы жұмысында жинақтаған тәжірибесін қолдануға дайын екенін атап өтті.
Тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарын, олардың даму перспективаларын талқылап, белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.