Вена, 2025 жылғы 22 қыркүйек – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) Бас конференциясының 69-сессиясы аясында Қазақстан делегациясы АЭХА мүше-мемлекеттерінің егемендік теңдігі қағидатын ілгерілету бағытында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді.
Қазақстан дипломатиясының көпжылдық күш-жігерінің нәтижесінде АЭХА Бас конференциясы Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Вьетнам, Моңғолия, Филиппин және Камбоджа кіретін Агенттіктің Қиыр Шығыс өңірлік тобына Қазақстанның қосылуы бойынша келіссөздер үдерісінің басталуын құптады. Қазақстанның өңірлік топқа қосылуы жөніндегі келіссөздердің нәтижелері 2025 жылғы қарашада өтетін АЭХА Басқарушылар кеңесінің сессиясы аяқталғанға дейін жариялануы жоспарланған.
Қазақстанның Қиыр Шығыс өңірлік тобына қосылуы елімізге АЭХА-ның 35 мемлекетінен құралатын Басқарушылар кеңесіне сайлану, сондай-ақ Бас конференция бюросы мен оның негізгі комитеттерінде жетекшілік ету мүмкіндігін ашады.
Бұл перспективалар Қазақстанның үш атом электр станциясын салу, ұлттық ядролық кластерді дамыту және бейбіт атомды дамыту жөніндегі жаһандық күш-жігердегі елдің рөлін күшейту жоспарлары аясында ерекше өзекті болуда. Аталған кластер қолданыстағы АЭХА Төмен байытылған уран банкінің, зерттеу реакторлары мен Қазақстанның уран өндіру өнеркәсібінің қисынды жалғасы ретінде толықтыра түседі.
Сонымен қатар, 2023 жылғы қыркүйекте Қазақстан бастамасымен АЭХА-ның 67-сессиясы барлық мүше-мемлекеттердің егемендік теңдігін қалпына келтіру туралы қарар қабылдаған болатын. Қарардың тең авторлары қатарына әлемнің барлық өңірінен 56 мемлекет, атап айтқанда АҚШ, Қытай, Жапония, Түркия, Сингапур және барлық Еуропа Одағы мемлекеттері қосылған.
Қазақстан қарарын іске асыру нәтижесінде АЭХА өңірлік топтарына кірмейтін мемлекеттердің саны 17-ден 13-ке дейін азайды. Атап айтқанда, Бахрейн, Непал, Бруней-Даруссалам және Камбоджа Агенттіктің өңірлік топтарына қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Қазақстан делегациясы Агенттіктің Жарғысы және халықаралық құқық нормаларына сәйкес АЭХА-ның әрбір мүшесінің негізгі құқықтарын қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмысты жалғастыра түседі.