Прага, 2025 жылғы 11-12 қыркүйек. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов бастаған Қазақстан делегациясы «Өзгеріс жағдайында тұрақты болашақты құру» тақырыбындағы ЕҚЫҰ-ның климат мәселелері жөніндегі форумына белсенді қатысты.
ЕҚЫҰ-дағы Финляндия Іс басындағы төрағалығы ұйымдастырған Форум ұйымға мүше мемлекеттердің, ынтымақтастық жөніндегі серіктестердің, ЕҚЫҰ құрылымдарының, азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың өкілдерінен 200-ден астам қатысушыларды біріктірді.
Іс-шараның ашылу сессиясында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрайымы – Финляндияның Сыртқы істер министрі Элина Валтонен, Чехияның Сыртқы істер министрі Ян Липавский, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Феридун Синирлиоглу және ЕҚЫҰ-ның Экономика және қоршаған орта қызметі жөніндегі үйлестірушісі Бақыт Жүсіпов сөз сөйледі.
Жеке тақырыптық сессиялар барысында интерактивті пікірталастарға қатысушылар қауымдастық көзқарасына негізделген климатқа төзімділікке инвестициялар салу, сектораралық ынтымақтастық негізінде климаттың өзгеруімен күресу бойынша іс-шаралар, ақпараттық қауіпсіздік дәуіріндегі климаттық деректер мен инновациялардың рөлі, сондай-ақ климаттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жастарды тарту және белсенді қатысу мәселелерінің кең ауқымын талқылады.
Ақпараттық қауіпсіздік дәуірінде деректер мен инновацияларды пайдалану мәселелеріне арналған тақырыптық сессияда негізгі баяндамашы ретінде сөз сөйлеген Дәулет Есмағамбетов цифрлық технологияларды, оның ішінде өткен жылы іске қосылған «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкін» енгізудегі қазақстандық тәжірибемен бөлісті. Сонымен қатар, Қазақстан өкілі өзінің ұлттық негізде сөйлеген сөзінде елімізде жасанды интеллект пен деректерді талдау технологияларын ағымдағы мәселелерді шешуде, оның ішінде климаттық күн тәртібі аясында пайдалануға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
Сонымен қатар, ол Форумға қатысушылардың назарын Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы өзекті мәселелерді цифрлық трансформация арқылы шешу жөніндегі негізгі ойларына аударды. Климаттың өзгеруіне байланысты жаһандық проблемаларды шешу үшін бірлескен күш-жігер мен бірлескен жоспарларды қабылдау қажет екендігі атап өтілді.
ҚР Экология министрлігінің өкілі өз сөзінің соңында Форумға қатысушыларды 2026 жылдың сәуір айында Қазақстанда өтетін Өңірлік экологиялық саммитке шақырды.