Қазақстан активтерді қайтару тәжірибесін Вена алаңында таныстырды

Қазақстан активтерді қайтару тәжірибесін  Вена алаңында таныстырды

Вена, 2025 жылғы 1-5 қыркүйек – Венадағы БҰҰ бөлімшесінде БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын іске асыру барысын шолу тобының он алтыншы сессиясының екінші отырысы өтті. Іс-шараға мүше мемлекеттердің делегациялары, халықаралық ұйымдардың өкілдері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы сарапшылар қатысты.

Конвенцияның іске асырылуына шолу жасау барысы, халықаралық ынтымақтастық жағдайы, активтерді қайтару шаралары және озық тәжірибемен алмасу мәселелері сессия жұмысының басты назарында болды.

Сессия аясында активтерді қайтару жөніндегі ашық құрамдағы Үкіметаралық жұмыс тобының 19-отырысы өтіп, онда Қазақстан делегациясы атынан ҚР Бас прокуратурасының Еуропадағы ресми өкілі Бауржан Құрманов панелист ретінде сөз сөйледі.

Өз баяндамасында ол Қазақстанның активтерді қайтару тәжірибесін жан-жақты таныстырып, қаржылық тергеулерді жүргізудің табысты мысалдары, заңсыз алынған және шетелге шығарылған қаражат пен мүлікті тәркілеу тәжірибесі, сондай-ақ оларды одан әрі пайдалану кезінде ашықтықты қамтамасыз ету тетіктері туралы баяндап шықты.

Қазақстанның қайтарылған активтерді әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде ел бойынша жүздеген мектептер мен ауруханаларды салу және оларды жетілдіруге жұмсау тәжірибесі сессия қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырды.