Қазақстан делегациясы Порту қаласында ЕҚЫҰ Парламент ассамблеясының жыл сайынғы сессиясына қатысты

Қазақстан делегациясы Порту қаласында ЕҚЫҰ Парламент ассамблеясының жыл сайынғы сессиясына қатысты

Порту, 2025 жылғы 29 маусым - 3 шілде - Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған Қазақстан делегациясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) 32-ші Парламенттік Ассамблея сессиясына қатысты. Бұл сессия ЕҚЫҰ-ның негізін қалаған Хельсинки қорытынды актісінің қабылданғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерейтойлық шара аясында өтті.

Сессияны ашу барысында Португалия Республикасының Президенті Марселу Ребелу де Соуза, Португалия Парламентінің төрағасы Жозе Педру Агиар-Бранку, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрайымы Пиа Каума, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және Португалия делегациясының ЕҚЫҰ ПА-дағы басшысы Паула Кардосо Ұйым кеңістігіндегі теңдессіз сын-тегеуріндерге әрі өңірлік қауыртшылыққа қарамастан Хельсинки актісінің қағидаттарын сақтаудың, диалог пен ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл тұрғыда парламентшілер қауіпсіздік, экономика, қоршаған орта және адам құқықтары саласында қазіргі қауіп-қатерлерге жауап беру жолдарын іздестірудің маңызды рөліне назар аударды.

Жазғы сессия барысында Таяу Шығыстағы жағдай мен Хельсинки актісінің 50 жылдығына арналған арнайы пікірталастар өтті. Сондай-ақ ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ф.Синирлиоглуның және Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының директоры М.Телалиянның баяндамалары тыңдалды.

Мәжіліс депутаты А.Құспан ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы пленарлық сессияларына және үш өлшем бойынша Ортақ комитеттердің жұмыстарына белсенді қатысты. Ортақ комитеттердегі талқылаулардың қорытындысы бойынша Порту декларациясы қабылданып, онда саяси, қауіпсіздік, экономика мен қоршаған орта, адам құқықтары, демократия және гуманитарлық мәселелер бойынша ұсынымдар енді.

Сонымен қатар Қазақстан делегациясының басшысы Түрікменстан делегациясы ұйымдастырған «Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылы: бейбітшілікке, қауіпсіздікке және өзара сенімге қол жеткізудегі диалог пен бейтараптық қағидаттары» тақырыбындағы іс-шараға қатысты. А.Құспан өз сөзінде осыдан 15 жыл бұрын Қазақстанның елордасында қабылданған ЕҚЫҰ Ұйым кеңістігінде ортақ және бөлінбейтін еуроатлантикалық қауіпсіздік қоғамдастығын құруға шақыратын Астана декларациясының өзектілігін атап өтті. Бұл тұрғыда қазіргі сын-қатерлерді еңсеруде дипломатия арқылы диалогты жалғастырудың маңызды екенін мәлімдеді.

Ассамблея аясында «Солтүстік Еуропа+Балтық елдері+Орталық Азия» форматындағы кездесу өтті. Онда тараптар үш өңірдің одан әрі ынтымақтастығы перспективаларын талқылап, өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.

Ассамблеяның жазғы сессиясы шеңберінде А.Құспан Әзербайжан, Албания, Алжир, Ұлыбритания, Греция, Италия, Қырғызстан, Кипр, Литва, Норвегия, Моңғолия, Түркия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Швеция, Хорватия парламентшілерімен және ЕҚЫҰ-ның Ашхабадтағы Орталығының басшысымен екіжақты келіссөздер өткізді.

Ассамблеяның жыл сайынғы сессиясының қорытындысы бойынша ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жаңа президенті, вице-президенттері және басқа да жоғары лауазымды тұлғалары сайланды. Атап айтқанда, Пере Хуан Понс (Испания) екі жылдық мерзімге жаңа президент болып сайланды. Ал оның жаңа орынбасарлары ретінде Евгенио Зоффили (Италия), Люси Потучкова (Чехия), Габора Хайду (Румыния) және Ирен Чараламбидес (Кипр) сайланды.